Кімге қандай құзірет берілді - Қазақстандағы тағайындаулар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптаның ішінде мемлекеттік аппаратта айтарлықтай ауыс-түйістер болған жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта ондай тағайындаулар болуы әбден мүмкін. Себебі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көші-қон саласында бірқатар мемлекеттік органдардың өкілеттіліктерін бір-біріне ауыстырып, көші-қон қызметі бойынша арнайы комитетті ашу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжатқа сәйкес, бұған дейін ұлттық экономика министрлігінде болған бірқатар міндеттемелер денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне берілетін болды. Атап айтқанда, көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру функциялары екінші денсаулық министрлігінің құзіретіне еніп отыр. Ал ішкі істер министрлігіне көшi-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру, көші-қон процестерін бақылау, талдау және болжамдау өкілеттіліктері берілмек. Соның аясында Көші-қон қызметі комитеті құрылады.
Дегенмен, оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдауға, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды қалыптастыру жұмысы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құзіретінде қала береді. Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөліп, сәуірдің 1-іне дейін Қазақстан Республикасының 2017 - 2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды .
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Аслан Мусин Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Босния және Герцеговинадағы, Черногориядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды . Ал Қайрат Омаров Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды .