Кінәні өз мойнымыздан алып тастай алмаймыз - әкім орынбасары Петропавлдағы жағдай туралы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Петропавл мектебінде болған оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оқушының мектепке қалай қабылданғаны туралы сұрақтар қойылды. Біз ҚР «Денсаулық туралы» Кодексіне сәйкес медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді адамның келісімінсіз тек анықтау органдарының, прокурордың, соттың сұрауы бойынша ғана беруге жол берілетінін жақсы білеміз. Осылайша, мектеп ұйымы баланың диагнозын біле алмаған. Ешқандай нормативтік актіде психикалық ауруы бар балаларға жалпы білім беретін мектепте оқуға тыйым салынатыны көрсетілмеген. Сондықтан, барлық сұрақтарға толық жауап беруге тырыстық», - деп түсіндірді Марат Тасмағанбетов Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл кеңесінде.
Оның айтуынша, мамандандырылған күзет пен денсаулық сақтау мамандары тарапынан психикалық аурулар туралы ақпарат беру мәселесін құқықтық реттеу бойынша ұсыныстар келіп түскен.
«Біз кінәні өз мойнымыздан алып тастамаймыз. Осы жағдайға байланысты туындаған барлық мәселелерді моральдық және материалдық тұрғыдан шешу үшін жан-жақты іс-шаралар кешенін өткізуге тырысамыз», - деп уәде берді Марат Тасмағанбетов.
Ол сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірдегі 465 мектепте 9 313 камера орнатылғанын, жедел басқару орталығына 320 мектеп қосылғанын айтты. Дабыл түймелері 328 мектепте бар.
Еске салсақ, кеше Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.
Бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов аталған мектепте лицензиясы бар күзет қызметі болмағанын мәлім етті.