Кино мен театрда елдің тұтастығына тер төккен хандарымыздың бейнесін шығару біздің міндетіміз - Асанәлі Әшімов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдің тұтастығына аянбай тер төккен хандарымыздың, батырларымыздың еңбегін бағалауға ерекше мән бергеніміз дұрыс.

Кино мен театрда елдің тұтастығына тер төккен хандарымыздың бейнесін шығару біздің міндетіміз - Асанәлі Әшімов

Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында тілшілерге берген сұхбатында «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов мәлім етті.

«Барша Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ұлы тарихи тұлғалар бүгінгі күнді армандап кеткен еді. Тәуелсіздік жылдарында біздің буын ұлттың сақталуына ұшан-теңіз үлес қосқан азаматтарына құрмет көрсетуде және бүгінгі шара соның тағы бір көрінісі. Бұл атаулы датаны барша Қазақстан халқы мерекелеуде. Астанада бастау алған мерекелік шаралардың сонымен қатар негізгілері Таразда жалғасатыны белгілі. Бұндай маңызды мерейтойлар өте жақсы, себебі елдің басын біріктіреді, халықтың көңіл-күйін жоғары көтереді»,-деді А. Әшімов.

Осы орайда танымал актер жас ұрпақты тәрбиелеу жолында әрдайым өткенді еске алып тұру керектігін атап өтті.

«Елдің тұтастығына аянбай тер төккен хандарымыздың, батырларымыздың, азаматтарымыздың еңбегін бағалауға ерекше мән бергеніміз дұрыс. Тарихта, әдебиетте, кино мен театрда олардың бейнесін шығару - біздің арманымыз бен міндетіміз. Сондықтан бүгін өнер адамдары үшін үлкен шабыт беретін күн»,-деп түйіндеді өз ойын А. Әшімов.