Кино өндірісін қолдау жалғасатын болса, «Қазақфильм» жаңа деңгейге шығатын болады - М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кино өндірісін дамыту саласында үлкен нәтижеге қол жеткізілді. Яғни көптеген кинолар жарық көрді.

Кино өндірісін қолдау жалғасатын болса, «Қазақфильм» жаңа деңгейге шығатын болады - М. Құл-Мұхаммед

Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр өткен жылы экранға шыққан жаңа фильмдер мен өндіріске алынған жаңа картиналар жайында тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде «Қазақфильм» ұлттық киностудиясын жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары негізінен аяқталып, түсіру, монтаж және дыбыс жазу студиялары мен жаңа кешенді сандық құралдармен жабдықтау іске асырылуда. «Өзіңіз білесіз, Кәрім Қажымқанұлы, өткен жылы Сіз «Қазақфильмге» келген кезде, әдетте біз Үкімет басшысы келердің алдында бәрін жамап-жасқап, жөндеп барлығын жақсы деп шығарып салатын едік. Алайда, біз Сізге «Қазақфильмнің» мүшкіл жағдайын көрсеттік. Енді Үкіметтің қолдауының арқасында «Қазақфильмді» жаңғырту жұмысы негізінен аяқталып келеді», деді М. Құл-Мұхаммед.

Министр егер биыл тағы да сондай қолдау жалғасатын болса, келесі жылы кино өндірісі мүлдем жаңа деңгейге шығатынын атап өтті.