Кино саласының қарқынды дамуында кинофестивальдердің атқарар рөлі зор - Елбасы
АЛМАТЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі заманда қай елдің болмасын мәдениетінің даму деңгейі ұлттық кино өнерінің өркендеуімен өлшенеді.
Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше ашылған Х «Шәкен жұлдыздары» Алматы халықаралық кинофестиваліне жолдаған құттықтауында айтылды. Құттықтауды фестивальдің қатысушылары мен қонақтарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай оқып берді.
Елбасы: «Кино саласының қарқынды дамуында кинофестивальдердің атқарар рөлі зор. Осымен 10-рет өткізіліп отырған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де жас кинематогрофистер шығармашылығының және дебюттік киноның кинофестивалі ретінде танымал бола бастады», - деген құттықтауында. Сондай-ақ «ел ертеңі саналатын жастардың шығармашылық белсенділігін арттырып, кәсіби әлеуеттерін шыңдап, дарынды жас буын шығармашылығының өсуіне мүмкіндік беретінін, бұл шараның дәстүрлі өтуіне мемлекет әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын» атап өткен. Фестиваль аясында көрерменнің көзайымы болған туындылардың ұлтымыздың мерейін асқақтатар рухани қазынамызға айналғанына және отандық кино өнерінің бәсекеге қабілеттігін одан ары арттыра түсетініне сенімін білдірген.