Киногерлер Әлия Молдағұлова туралы көркем фильмге бас кейіпкер іздейді

киногерлер
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық киногерлер қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова туралы  «Әлия» атты жаңа көркем фильмді түсіруге дайындалып жатыр.

Ә. Молдағұлованың 100 жылдығына және Жеңістің 80 жылдығына арналған «Әлия» толықметражды көркем фильмі 2025 жылдың мамыр айында жарыққа шығады. 

Фильм
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

«Әлия» фильмінің сценариін мәскеулік журналист, тележүргізуші әрі актриса Алена Кулешова жазды. 

Жобаның бас продюсері және сценаристерінің бірі Александр Шухов фильм түсіру идеясы 2019 жылы пайда болғанын атап өтті. 

«Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанда жасөсіпірім болды. Қолына қару алып, мергендік танытқан ол 78 жау әскерінің көзін жойып, Кеңес Одағының батыры атағын алды. Бұл оқиға мәскеулік журналист, тележүргізуші және актриса Алена Кулешованы баурап алғаны соншалық, өмірінің үш жылын биопиктің сценарийін жазуға арнады. Мифтер мен аңыздардан бас тартып, Алена өмірдің шынайы шындығын іздеді. Ол Әлияны жақсы білетін адамдарды тауып, олармен әңгімелесті», - деді Александр Шухов.

Оның айтуынша, бұл қымбат жобаға 900 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады деп жоспарлаған. 

Фильм Қазақстанда түсіріледі. Беларусь елінде де өтуі мүмкін.

Киногерлер
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

«Әлия» фильмінің режиссеры — Ален Ниязбеков. Ол көпшілікке «Каникулы в Таиланде», «Моя большая казахская семья», «Агашки по вызову», «Алматы, я люблю тебя» фильмдері арқылы танымал. 

«Әлия» картинасының продюсерлері фильмді жас маман түсіру керек деген шешім қабылдаған.

«Біз тек сенімді, сарапшылар растайтын және мойындайтын фактілерді қолдануды мақсат еттік. Мәскеу әскери мұрағаттарындағы жұмыс нәтижесінде драмалық материал үшін дәлелденген негіз жиналды», - дейді режиссер.

Оның сөзінше, фильмге психологиялық әскери драманың жанры таңдалды, ерлікке барған кейіпкердің мотивациясы ашылады. Жекпе-жек көріністері бірте-бірте лентаның эмоционалды қарқындылығын күшейту арқылы, кең аудиторияға фильмнің тартымдылығын қамтамасыз етеді. 

«Әлия Молдағұлова дегенде ойға бірден Екінші дүниежүзілік соғыс оралады. Бірақ бұл фильм соғыс туралы емес, Әлия туралы. Оның балалық шағы, есею, жастық шағы баяндалады», - дейді Ален Ниязбеков.

фильм
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

9 мамырда жалпыұлттық кастинг басталады. Шығармашылық топ басты рөлде ойнайтын актрисаны Қазақстан тұрғындары арасынан іздейді. 

«Біз сценариймен таныстық. Әлияның образын ашатын 15-16 жастағы, бойы 150-155 см болатын қазақ қызын әлі таппадық, бүкіл Қазақстан бойынша кең ауқымды ашық кастинг жариялаймыз», - деді кастинг директоры Гүлзура Есен.

Түсірілім күзде басталып, қыста аяқталады.

Соңғы жаңалықтар