Кинолог әйел: Бұл жұмысқа иттерге деген махаббатым әкелді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кинолог болып жұмыс істейтін Марина Цуканова талай адамды құтқарып қалған кәнігі маман.

кинолог Марина Цуканова
Фото: Марина Цуканованың жеке архивінен

Марина Цуканова ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағында кинолог болып қызмет етеді. Оның айнымас серігі – лабрадор Вильсон. Олар бірге 9 жыл бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келе жатыр.

- Мені бұл жұмысқа иттерге деген махаббатым әкелді. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Сондықтан жұмысты бар құлшыныспен істеймін, - дейді Марина.

Ол Вильсон екеуі түрлі құтқару операцияларына қатысады. Сондай кездерде кинологтар мен иттер адам өмірін ажалдан арашалап та жатады. Мәселен, қираған ғимараттың мыңдаған бөлшектерінің арасында іздеу жұмыстарын жүргізу оңай шаруа емес. Ондайда иттер зардап шеккендерді адамға қарағанда әлдеқайда тез тауып, құтқарушыларға дұрыс жолды меңзейді.

кинолог Марина Цуканова
Фото: Марина Цуканованың жеке архивінен

Марина Цуканова құтқарушы ғана емес, үш баланың анасы. Ол балаларын да тәрбиелеп, үй жануарларын да үйретіп жүр.

- Қыс кезінде балалармен табиғатқа шығып, шаңғы тепкенді жақсы көреміз. Өзімізбен бірге үй жануарларын да алып барамыз. Балалар иттерді жегіп шана тебеді. Осылай керемет эмоция алып, демалып қаламыз. Әрі иттерге бұл физикалық жаттығу, - дейді кинолог.

Қазір Марина мен Вильсонның жұмыс тобына ақ швейцарлық овчарка қосылды. Ол екеуіне төтенше жағдайлар кезінде қолғабыс болатын тағы бір көмекші.

- Өзім жақсы көретін ісіммен айналысатындықтан шын бақыттымын. Аттестация кезінде үнемі тапсыратын нормативтер, ауыр сөмкені арқаға асып жүру, әр түрлі жиындар – маған ауыртпалық салмайды. Бұл жерде әйел немесе ер адам деп бөліну жоқ, бәріміз де құтқарушымыз!, - дейді Марина Цуканова.

Осыған дейін еліміздің аймақтарында қарға омбығып жолда қалған 33 адамның құтқарылғанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар