Кинолог әйел: Ит баптау – жұмысым емес, сүйікті ісім
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Наталья Черных ШҚО полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығында еңбек етеді. Кинолог-полицей қылмыскерлерді ұстауға, жоғалған адамдарды іздестіруге көмектесетін иттерді баптаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Наталья Черных еңбек жолын 2003 жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде бастаған.
Ветеринария фельдшері, иісшіл ит өсіру бойынша нұсқаушы болып тер төкті.
Сондай-ақ жеке құрамды бастапқы және мамандандырылған даярлау мен құтқару бөлімшелерінің өзара іс-қимылын пысықтау сабақтарын жүргізген.
Іздеуші иттермен оқу-жаттығу процесін ұйымдастырды.
«Иттерді баптау – жұмысым емес, сүйікті ісім. Жедел-құтқару жасағының құрамында қызмет еткен уақытымда иттердің көмегімен іздестіру-құтқару жұмыстарына қатыстым. Бірнеше адамды құтқарып қалдық. Үнемі «ҚАЗҚҰТҚАРУ» құтқару бөлімшелерінің халықаралық жарыстарына қатысатынмын. Нәтижесінде, кинология саласында жүлделі орындарға ие болдым», - дейді нәзік жанды кинолог.

ТЖД кинологиялық бөлімшесі п олиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
ШҚО ПД кинология қызметінің басшылығы мол тәжірибе жинақтаған Наталья Черныхты осында жұмысқа шақырған.
Ол бірден келісімін берген. Қазір сол жерде еңбек етіп жүр.
«2021 жылы орталықтың иісшіл иттері 8334 рет түрлі оқиғаларға барды. Иттер 300-ден астам қылмысты ашуға қатысты. Сонымен қатар инспектор-кинологтар мен төрт аяқты көмекшілер жарылғыш зат туралы хабарларды тексеру шараларына тұрақты түрде қатысады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
