Кинолог Марина мен лабрадор Вильсонның сәттілік құпиясы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Марина Цуканова Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағында кинолог болып жұмыс істейді. Оның бұл қызметке келуінің басты себебі – иттерге деген шексіз махаббаты еді.
Құтқарушы-кинолог мамандық, ал құтқарушы-ит жануар ғана емес. Олардың үйлесімді атқарған жұмысына адам тағдыры мен өмірі тәуелді болуы да ықтимал. Сондықтан осыдан 4 жыл бұрын жасаққа жұмысқа келген М.Цуканова Вильсон атты лабрадор күшігінен нағыз аттестатталған құтқарушы жасап шығаруға барлық күш-жігерін салды.

«Ол кезде күшік 9 айлық болатын. Яғни, тәрбиелейтін уақыт өтіп кеткен еді. Оның бағыну және сенімділік дағдысын қалыптастыру үшін ерекше көңіл бөлу қажет еді. Жаттығуларда тыңдамай кетіп өзінің сүйікті ісі – пластик бөтелкелерді жинауды ұнататын. Оған қаталдық танытатын кез де болды. Алайда біз барлық қиындықты артқа тастадық, Вильсон қазір жақсы нәтиже көрсетіп келеді» - дейді кинолог иті жайында.

Марина-Вильсон тандемі жұмыс кезінде күрделі іздестіру операциясын да бастан кешірді. Вильсон 5 метрлік қар астында қалған баланың мүрдесін табуға көмектескен.
Марина құлаған қар нығыздалып, бетон тәрізді болып қалатынын білетін. Ондай жағдайда қар астында аман қалу мүмкін емес. Ит бірден бала болуы ықтимал орынды көрсетеді. Алайда итінің осындай операцияға алғаш рет шыққанын ескерген кинолог оны басқа жаққа қарай жібереді. Бірақ иті алғаш рет белгілеген орынға таяу жерді көрсетеді. Үшінші рет те бірінші көрсеткен жерге келіп, үріп қоймаған кезде иттің қателеспегенін түсінеді. Расында да баланың мүрдесі ит көрсеткен орыннан қазып алынды.

«Баланың жансыз денесін көрген кезде өзім де абдырап, қатты күйзелдім. Мұндай шынайы құтқару операциясы Вилька екеуіміз үшін бағасыз тәжірибе болды. Себебі жұмыс – ол кез келген жаттығудан жақсы» - дейді М. Цуканова.
Марина құтқарушы ғана емес. Ол - екі баланың анасы. Перзенттерін тәрбиелеуге де, иттеріне де көңіл бөлуге уақыт табады.
«Балалармен қыста табиғат аясына баруды, шаңғы тебуді ұнатамыз. Әрине иттерімізді алып барамыз. Иттерді шанаға жегеміз, олар балаларды ойнатады. Одан біз керемет әсер аламыз. Ал иттер болса дене-күш жүктемесін алып және жаттыға түседі», - деді Марина Цуканова.
