KIOGE 2026: 58 елден 500-ден астам компания бас қосты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында 30-шы мерейтойлық Қазақстан халықаралық мұнай-газ көрмесі мен KIOGE 2026 конференциясы өтті. Биылғы іс-шараға 58 елден 500-ден астам компания қатысып, көрмеге 9 мыңнан астам адам келді. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) дәстүрлі түрде көрменің бас демеушісі болды.

п
Фото: Kazinform

Отыз жыл ішінде KIOGE көрмесі мемлекеттік органдар, халықаралық энергетикалық компаниялар, технология жеткізушілері мен сарапшылар бас қосып, энергетика саласының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылайтын ірі халықаралық алаңдардың біріне айналды.

а
Фото: Kazinform

– 30 жыл бойы KIOGE алаңы отандық және халықаралық компаниялардың өкілдерін, энергетика саласының мамандарын бір ортаға жинап, өзара тәжірибе алмасуға, жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерді талқылауға мүмкіндік беріп келеді. Жаңа технологияларды енгізумен қатар, өндірісті, машина жасауды дамыту, мұнай-газ жабдықтарын өндіру көлемін арттыру және елімізде оның өндірісін жергіліктендіру арқылы Қазақстандық қамту деңгейін көтеру маңызды, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.

Биылғы көрме аясында энергетика саласын цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану, өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру, жаңа буын мамандарын даярлау және тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударылды.

р
Фото: Kazinform

ТШО бас директоры Билли Лакоби өндірістің қауіпсіздігін, сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи технологияларды қолдану тәсілдерімен бөлісті.

– ТШО үшін цифрлық трансформация жаңа технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – адамдарға неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға көмектесіп, өндірістің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттыру, сондай-ақ компания мен Қазақстан Республикасы үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыру, – деді Билли Лакоби.

ТШО деректерді біріктіру, өндірістік үдерістерді талдау және модельдеу бағытындағы цифрлық шешімдерді дамытып келеді. Сонымен қатар компания саланың технологиялық трансформациясы жағдайында жұмыс істейтін мамандарды даярлауға инвестиция салуда.

– Бүгінде ТШО қызметкерлерінің 96 пайызы – Қазақстан азаматтары. Ал басшылық лауазымдардың оннан тоғызына қазақстандық мамандар жетекшілік етеді. Біз отандық жеткізушілерді, цифрлық шешімдерді және адами капиталды дамытуға инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді ТШО бас директоры Билли Лакоби.

л
Фото: Kazinform

Компания қызметкерлеріне кәсіби білімін жетілдіруге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. 2020 жылдан бері 670-тен астам қазақстандық қызметкер бұған дейін шетелдік мамандар атқарған негізгі басшылық және техникалық лауазымдарға тағайындалды. Цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы құзыреттерді дамыту осы бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі болып отыр.