Киото хаттамасын қабылдау Қазақстанның энергетикалық саласына 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартуға жағдай қалыптастырады ? Н. Ысқақов

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Киото хаттамасын қабылдау Қазақстанның энергетикалық саласына 1 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартуға жағдай қалыптастырады.
None
None
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ТМД елдерінің ішінде Қазақстан Ресей мен Украинадан кейін парниктік газдардың эмиссия көлемі бойынша үшінші орын алып отыр. Ал, климаттың антропогенді өзгеруі жаһандық экологиялық қауіп болып қана қоймай, ол әр мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларына да мықты әсер етеді әрі бұндай әсерлер сезіліп отыр. Дегенмен, Қазақстанда Киото хаттамасы он жылдан бері ратификацияланбай келеді. Осының салдарынан еліміз климаттың өзгеруі бойынша шешім қабылдауға дауыс беру құқығынан айырылып қана қоймай, біздің барлық экологиялық бастамаларымыз кедергілерге тап болуда», деді Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов. Министрдің айтуынша, Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірігу мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған жоба еліміздің Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. «Бұдан басқа, дәстүрлі емес және шағын энергетиканың дамуында басымдықтарға жол ашылып, осындай жобаларға инвестициялар қарқыны күшейетіні болжанып отыр», деді министр Н. Ысқақов.
Соңғы жаңалықтар