Киото келісіміне сәйкес 2020 жылға дейін Қазақстанда ауаға тарайтын улы газ мөлшері 25 пайызға дейін төмендетіледі - Н.Әшімов

/strong>Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстан 2020 жылға дейін ауаға парниктік газдарды шығару мөлшерін алдымен 15 пайызға, одан кейін 25 пайызға төмендету туралы міндеттеме алды.

Киото келісіміне сәйкес 2020 жылға дейін Қазақстанда ауаға тарайтын улы газ мөлшері 25 пайызға дейін төмендетіледі - Н.Әшімов

Ол 2009 жылғы қыркүйектің 17-нен бастап күшіне енген Киото хаттамасына сәйкес қабылданып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда «Климаттың өзгеруі: кеше, бүгін, ертең?» атты дөңгелек үстел отырысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, 47 ел қабылдаған Киото келісіміне Қазақстанның мүше болу себебі - халық табиғи байлықтың пайдасына ие болу қажет. «Каспийді игеруден, барлық мұнайгаз компанияларынан түскен қаражаттар еліміздің, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына жұмсалуы қажет. Көпшілік ел бізді квоталарды сатады деп ойлайды. Жоқ, квоталар сатылмайды. Арнайы қорлар құрылатын болады. Ол қорлардан қаражаттар табиғатты қорғау шараларына, сондай-ақ Киото мәселелерін шешуге бөлінетін болады. Білім, медицина, ауыл шаруашылығы және тіпті, аула тазалау да «киотодан» қаржыландырылатын болады. «Киотодағы» қаржылар жалақы ретінде берілмейді», деді ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов. Оның айтуынша, ЖЭС-лар, тұрғын үй секторлары, кәсіпорындар, әсіресе энергетика және мұнайгаз салаларындағы кәсіпорындар газдың ауаға шығуын төмендетулері керек. Сонымен қатар, Н. Әшімов компаниялар әлеуметтік салаларға ерікті түрде инвестиция салатындықтарын атап өтіп, берілетін квоталар қатаң тексеріледі деді.

Аталмыш жиынға үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдер қатысты. Отырыста климаттың өзгеруі, оған бейімделу мәселелері көтеріліп, қазақстандық ҮЕҰ-дың Киото хаттамасын және пост-Киото кезеңіндегі міндеттерді жүзеге асырудағы рөлі талқыланды. Қазақстан 1995 жылы БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясына қосылып, 1999 жылы Киото хаттамасына қол қойған болатын. Киото хаттамасы - атмосфераға парниктік газдардың шығарындыларын төмендету жөніндегі халықаралық құрал болып табылады.