Киотодағы студияға қасақана өрт қоюдан құрбан болғандар саны 23-ке жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құтқарушылар Жапонияның Киото қаласындағы өртке оранған аниме студиясын тексеру кезінде тағы да 10 адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат NHK телеарнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін 12 адамның мәйіті шығарылған. Сондай-ақ, 36 адам зардап шеккен, олардың біреуі ауруханада көз жұмды. Осылайшы өрт құрбандарының саны 23-ке жетті.

Жергілікті полиция мен құтқарушылардың дерегі бойынша, белгісіз біреу анимациялық студияның орталығына жанатын сұйықтық төгіп, сол жерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:35-те өрт басталған. Мәйіттердің көбі Kyoto Animation Co. үш қабатты студиясының екінші қабатынан табылған. Өрт шыққан кезде 70-ке жуық адам жұмыс істеп жатқан.

Олардың кейбіреулерінің қайда кеткені әзірге белгісіз.

Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, ғимаратқа қасақана өрт қойылған. Полиция оқиға орнында студияның ішінде бензин немесе керосин төгіп, өртеген 41 жастағы ер адамды ұстады. Сондай-ақ, ғимаратта қылмыскерге тиесілі болуы мүмкін бірнеше пышақ табылған. Қазіргі таңда ер адамның беті және кеудесі күйіп, ауруханада жатыр.

Kyoto Animation компаниясының кеңсесі орналасқан үш қабатты ғимаратқа елеулі залал тиді. Жалынды жоюға 30 өрт сөндіру жасағы жұмылдырылды. Өрт бес сағатта сөндірілді, ғимараттың екінші және үшінші қабаттары қатты зақымданған.

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ бейсенбі күні қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, өрт кезінде зардап шеккендерге тез айығып кетуге тілек білдірді.


Соңғы жаңалықтар