Кипр Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жобаларына қызығушылық танытты

АСТАНА. KAZINFORM – Кипр президентімен келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа мәлімдемесінде айтты.  

Мемлекеттік қызметте цифрландыру мен кадрлық іріктеудің жаңа кезеңі басталды
Фото: freepik

Президенттің айтуынша, келіссөз барысында цифрлық технологияға және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылған.

– Кипр тарапы Қазақстанның елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бьағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, келіссөздер барысында мәдени, гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлінгені айтылды. Атап айтқанда, тараптар ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасында қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келіскен.

– Жалпы бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін салтанатпен қарсы алды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін І дәрежелі Достық орденімен марапаттады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Кипрдегі серіктестерін Транскаспий және Орта дәліз жобаларына атсалысуға шақырды.