Кипр Президенті: Қазақстан – геосаяси маңызы артып келе жатқан серіктес

АСТАНА. KAZINFORM – Кипр Президенті Никос Христодулидис Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген келіссөзде екі ел арасындағы тұрақты саяси диалогтың маңызын атап өтті.

ч
Фото: Ақорда

– Біз тұрақты әрі мазмұнды саяси диалогты қолдауға ерекше мән береміз. Осы тұрғыда жоғары деңгейдегі байланыстардың жандануын, Астана мен Никосияда елшіліктердің ашылуын, тікелей әуе рейстерінің іске қосылуын, сондай-ақ бүгін негізгі салаларда бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылғанын құптаймыз, – деді Никос Христодулидис.

Кипр Президенті бұл қадамдар тараптардың екіжақты күн тәртібін ауқымды әрі болашағы зор бағытта дамытуға деген саяси күш-жігерін көрсететінін айтты.

– Сіздің атап өткеніңіздей, біз саяси күш-жігерден нақты нәтижелерге көшуіміз керек. Менің сапарым осы жетістіктерге ықпал етеді деп сенемін. Қазақстан Орталық Азиямен өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі біздің стратегиямызда маңызды рөл атқарады. Біз үшін Қазақстан – геосаяси маңызы артып келе жатқан серіктес әрі үлкен қызығушылық тудыратын нарық, – деді Кипр Президенті.

Никос Христодулидис Кипрдің Еуропалық Одаққа мүше екенін, қазақстандық компаниялар мен инвесторлар үшін Еуропа нарығына «көпір» бола алатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Кипр ашық әрі ЕО стандарттарына сай келетін бизнес-ортаны ұсынады, сондай-ақ елде қаржы және кәсіби қызмет көрсету секторы дамыған.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде Кипр Президенті ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы технологиялары, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия көздері және инфрақұрылым салаларын атады.

Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін салтанатпен қарсы алды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін І дәрежелі Достық орденімен марапаттады.