Кипрдегі қазақстандық салымдар бойынша нақты ақпарат жоқ - Б. Жәмішев
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Бізде Кипрдегі қазақстандық салымдардың көлемі бойынша нақты ақпарат жоқ.
Бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, бүгінде қазақстандық компанияларға Кипр сияқты офшорлық аймақтармен сауда-саттық жүргізу тиімсіз. «Мәселен, белгілі бір компания Кипр жерінде өз бөлімшесін ашып, жұмыс істейтін болса, оның табысына салынатын салықтың мөлшері сол елдің заңнамасымен емес, Қазақстан заңымен анықталады. Міне, сол себепті біздің компанияларға офшорлық аймақтармен жұмыс істеу тиімсіз болып тұр», - деп атап көрсетті Б.Жәмішев. Алайда министр Кипр жерінде қазақстандық компаниялардың бар екендігін жоққа шығармады. «Қазіргі заңнама ірі компаниялар үшін тиімсіз. Бәлкім, жеке кәсіпкерлер өз компанияларын ашқан шығар. Ол жағынан хабарым жоқ. Біз Кипрдегі қазақстандық салымдардың көлемін де білмейміз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, қаржылай дағдарысқа тап болған Кипр мемлекеті Еуроодақтан 17 млрд. еуро көлемінде көмек беруді сұраған. Бүгінде 10 млрд. еуро бөлінді. Ал қалған қаражатты Кипр өз жеріндегі салымдардың есебінен өтеуі мүмкін. Қазіргі кезде осы елде жұмыс істейтін «Лакки банк» сияқты ірі қаржы институтының қызметі бұғауланды. Ал басқа банктерден алынатын қаражаттың шекті мөлшері енгізілді. Осының салдарынан Кипр сияқты офшорлық аймақ болашақта қыруар шетелдік қаражаттын айырылуы әбден мүмкін деген болжам бар.