Қырғи-қабақ соғыс қайта оралды ма

АСТАНА. KAZINFORM - НАТО-ға мүше елдер мыңдаған әскери қызметкері мен техникасын жұмылдырды. Польшада «Айдаһар-24» атты ең ірі әсери жаттығулар өтіп жатыр.

НАТО
Фото: Joerg Waterstraat/SULUPRESS.DE/picture alliance

Оған қатысушылар жерде, әуеде, теңізде және киберкеңістікте жауынгерлік тактикалық білімдерін жетілдіреді, тәжірибесін молайтады. Себебі Шығыс Еуропадағы жағдай шиеленісе түсті. НАТО альянсқа мүше елдерді және құндылықтарын қорғап, еуроатлантикалық аймақта ұжымдық қауіпсіздікті сақтағысы келеді, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Британ әскерінің жүк көліктері Германияның Сеннелагер елді мекеніндегі жаттығу полигонынан Польшаға бет алды. Шамамен 600-дей ірі әскери техника. Олар бір елден екінші елге жылдам жете алатын қауқары бар екенін көрсетіп жатыр. Британ әскерилері Тұманды Альбионда жүргенде-ақ жауынгерлік дайындықтарын пысықтаған. Көліктерін кемеге тиеп, енді құрлық арқылы жаттығулар өтетін жерге жетулері керек.

«Әскери операцияның ауқымы кең. Соңғы 20 жылда өткізілген жаттығулардан әлдеқайда үлкен. Тәжірибе жинау үшін әрекет етіп жатырмыз. Дабыл жарияланған кезде бәрі сәтті өтуі керек. Әлбетте, алдағы бірнеше апта көлемінде қателіктерге жол беруіміз мүмкін. Бірақ олар бәрімізге сабақ болады, деп алдын ала қамданып жатырмыз», - дейді Корольдік Англия полкінің мүшесі Саймон Кокс.

Ұлыбритания мен АҚШ-тан бөлек НАТО-ның басқа да одақтас 31 елінен шамамен 90 000 жауынгер мен техника тартылып отыр. Бұл қырғи қабақ соғыс аяқталғалы НАТО альянсының өткізіп жатқан ең ірі шарасы. Жаттығулар мамыр айына дейін жалғасады. Ол Атлантикадан бастап, НАТО-ның шығыс қанатына дейінгі аумақты қамтымақ. Мақсаты «күші шамалас жаумен» қақтығысқа дайындалу.

«Польша қорғаныс cаласын нығайту үшін батыл жоспарлар құрды. Америка қауіпсіздік бойынша біздің маңызды серіктесіміз екендігі қуантады. Біз НАТО саммиттерінде берген уәделерімізде тұрдық. Менің ойымша, біз қазір Солтүстік Атлантикалық Шарт асында қорғанысқа бәрінен де көп қаражат құйып жатырмыз. Осылайша басқаларға үлгі болғымыз келеді» - дейді Польша Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский.

Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы, яғни НАТО бастаған әскери жаттығулар бейбітшіліктің бітіп, қырғи қабақ соғыстың қайта басталғанын көрсетеді. Сарапшылар осылай дейді. Бірінші қырғи-қабақ соғыс өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басталып, әлемнің барлық бұрышын қамтығаны белгілі. Социалистік блок пен АҚШ бастаған батыстық демократия арасындағы келіспеушілік 40 жылдан астам уақытқа созылды. Қазір ол қайта айналып келгенге ұқсайды.

«Мұндай ірі жаттығулар, әсіресе көршілес елдің шекарасына жақын өткізілсе, нағыз арандату болуы мүмкін. Бітпейтін инфляция, сыртқы сауда сұранысының әлсіздігі, көрші елдермен жиі болатын геосаяси қақтығыстар көпшілікті шаршатты. Халықтың назарын басқа арнаға аудару үшін Еуропа мен АҚШ қарулы күштерін көрсетіп жатыр», - дейді Джон Фон Нейман университеті Еуразиялық орталығының директоры Левенте Хорват.

Сарапшылардың пікірінше, НАТО өзінің әлемді билеп-төстей алатындығын жария етуге тырысып бағуда. Батыс елдерінің гегемониялық бөлігі дүниежүзіндегі жетекші рөлін жоғалтудан қорқады-мыс. Экономикалық тұрғыда әлсіреген мемлекеттер әскери мықтылығын паш еткісі бар.

«НАТО ұшақтар мен танкілер сатып алуға мәжбүр екендігін дәлелдеп, халықты сендіру үшін жыл сайын үгіт-насихатқа миллиондаған еуро жұмсап жатыр. Ол - салық төлеушілердің маңдай терімен келген ақша. Оның орнына қоғамдық көлік пен пойыз сатып алып, ауруханалар мен мектептер тұрғызса болады ғой. НАТО, демократия, бостандық және қауіпсіздік тең ұғымдар емес. НАТО-сыз да әлем жақсырақ», - дейді Бельгия парламентінің бұрынғы депутаты Лоде Ваноост.

Қалай болғанда да бүкіл Еуро Одақ бойынша қорғаныс шығындары жылдам өсіп жатыр. НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг биылғы жылы альянсқа мүше 31 мемлекеттің 18-і жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын немесе одан да көп бөлігін қорғаныс саласына жұмсайтынын мәлімдеген. Бұл он жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда алты есе көп.


 

Соңғы жаңалықтар