Қырғыз азаматы Украинада соғысқа қатысқаны үшін 5 жылға сотталды
27 жастағы Қырғызстан азаматы Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Kazinform бұл туралы Deusche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстандағы Нарын облыстық соты 7 желтоқсан күні Қырғызстан азаматы Бекназар Боругулды «Вагнер» ЖӘК құрамында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарып, шешім 4 қаңтарда ғана хабарланды.
Нарын облысының 27 жастағы тұрғыны 2023 жылғы тамызда елге оралғаннан кейін үш аптадан соң ұсталды.
Елдің ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, ер адамға қатысты сот ісі «ҚР азаматының шет ел аумағында қарулы қақтығыстарға немесе соғыс қимылдарына қатысуы немесе лаңкестік әрекет жасау үшін дайындықтан өтуі» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Тергеу деректері бойынша Қырғыз азаматы Ресей түрмесінде жазасын өтеп жүрген уақытта қамаудағыларды жаппай жинау кезінде, 2022 жылғы 1 қарашада жеке әскери науқанның мүшесі атанған.
Ол «Вагнер» ЖӘК медальдарымен, оның ішінде Бахмутты алғаны үшін және РФ мемлекеттік марапаты — «Ержүректігі үшін» медалімен марапатталған.
Бұл Украинадағы соғыс қимылдарына қатысқаны үшін Қырғызстанда қозғалып отырған екінші қылмыстық іс.
2023 жылғы мамырда 31 жастағы Асқар Кубанычбек уулы 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, бірақ Жоғарғы сот істі қайта қарау үшін аудандық сотқа жіберді.