Қырғыз президенті: Билікті күштеп ауыстыруға негіз жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Кабар ұлттық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында елдегі билікті ауыстыруға еш негіз жоқ екенін айтты.

садыр жапаров
Фото: Кабар

«Бүгінгі күні билікті өзгертуге негіз жоқ. Біз бұған қандай да бір себептердің пайда болуына жол бермейміз. Тлекмат Күреңов (қырғыз белсендісі — ред.) олардың көп екенін айтып жүр. Біз бәрін бес саусағымыздай жақсы білеміз. Жоғарыда айтқанымдай, олардың артында тұтас топтар тұр. Оны өздері де жасырмай айтып жүр. Бұрын неліктен билік өзгерді? Биліктің өзі ұрылар мен криминалға жақын болды. Елді кландар, жерлестер мен туыстар басқарғанын, олардың экономиканы тонап, сазға батырғанын, әділ емес сайлау өткізгенін көрген халықтың шыдамы таусылды. Революцияның себебі осы болды», — деді Садыр Жапаров.

Қырғыз президенті бұған жол бермейтінін, адал және ашық сайлау өткізуге ерік-жігері жететінін айтты.

«Басқа мемлекеттер бюллетеньді әлі де қолмен санайды, біз бұдан әлдеқашан кетіп қалдық. Сайлаушыларды көбейту үшін бюллетеньді бірінен екіншісіне лақтыру енді мүмкін емес. Автоматтандырылған урналар бірден нәтижесін көрсетеді. Осыдан кейін ғана бақылаушылардың қатысуымен қолмен санау жүргізіледі», — деді ол.

Сондай-ақ, С. Жапаров жақын туыстарын мемлекеттік басқару жүйесіне тартпағанын, экономикалық көрсеткіштер өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Бұқара халықты тартып, тәртіпсіздік ұйымдастыруды мақсат еткендерге жауап қатал болады. Біз алдын алу үшін жұмыс істейміз және халықты жинап, оларды жасырын атуға немесе жарылыс ұйымдастыруға дайын шабуылдаушыларды анықтаймыз. Олар үшін ең қатаң жаза болады. Бізге дейінгілер секілді олармен балаша сөйлесіп отырмаймыз. Біз үшін мемлекет пен қарапайым халықтың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Ал билікке келгісі келетіндерге айтарым, мұны заңды түрде, сайлауға қатысу арқылы жасағаныңыз жөн», — деді Садыр Жапаров.

Соңғы жаңалықтар