Қырғыз Республикасы биыл Қазақстанға 600 млн текше метрден астам су жібереді

АСТАНА. KAZINFORM - Суару маусымы басталған сәуір айының өзінде-ақ 45 млн текше метр су берілді. Сәуір айының соңынан бастап Қырғыз Республикасы Қазақстанға Талас өзені арқылы тағы 400 млн және Шу өзені арқылы 180 млн текше метр су жібереді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

су
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын пайдалану жөніндегі қазақ-қырғыз комиссиясының 35-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.

Бұл су Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жұмсалады. Сонымен қатар тараптар қоршаған ортаны қорғау және су сапасын бақылау бойынша бірлескен жұмыс тобының қызметін талқылады.

Отырысқа сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі өкілдері қатысты.

Комиссияның тең төрағалары – ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров және Қырғыз Республикасының Су ресурстары қызметінің директоры, министр орынбасары Нұрлан Жұмаев.

– Былтыр қырғыз әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында Жамбыл облысының диқандарын суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Мысалы, Талас өзені арқылы Қазақстанға жоспарланған 380 млн текше метрдің орнына 418 млн текше метр су келді. Ал Шу өзені арқылы 165,3 млн текше метр су келді, бұл бір жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 29,7 миллионға артық, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, министр бұған дейін Жаңа Су кодексі мен оған қатысты заң жобаларын әзірлеу барысында белсенділік танытқаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс білдірді.

– Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді. Сондықтан жаңа су заңнамасында қойылған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуіміз керек, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Соңғы жаңалықтар