Қырғызстан алғашқы жер серігін орбитаға шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышының көмегімен өзінің алғашқы ұлттық жер серігін ғарыш орбитасына шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстанның алғашқы жер серігі АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг әскери-әуе базасынан ғарышқа ұшырылды. Бұл тарихи сәтке Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысты.
Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жер серігі бір зымыран-тасығышпен ұшырылған бірнеше ғарыш аппаратының қатарында орбитаға шығарылған. Жоба Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты. Спутникті Бішкектегі Ұшуды басқару орталығы басқарады.
Ғарыштан түсірілген суреттер арқылы ауыл шаруашылығының алқаптары, мұздықтар, су айдындары, орман мен жайылымдар бақыланады. Сондай-ақ табиғи экожүйелердегі өзгерістер, жер қойнауын заңсыз пайдалану және рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталады. Бұл деректер логистикалық бағыттарды оңтайландыруға да мүмкіндік береді.
Спутниктен алынған деректер мемлекеттік цифрлық жүйелермен біріктіріліп, аумақ карталарын жасау мен сараптамалық талдау жүргізуге пайдаланылады.
Бұған дейін Қырғызстанда алғашқы отандық спутник жасалғаны хабарланған болатын.