Қырғызстан алтынға байланған стейблкоиннің алғашқы эмиссиясын шығарды
АСТАНА.KAZINFORM - Бішкекте физикалық алтынға байланған және АҚШ долларына бекітілген сандық токен - USDKG ұлттық стейблкоиннің ресми шығарылымы өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Рәсімге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, қаржы министрі Алмаз Бакетаев және «Виртуалды активтер эмитенті» АҚ басқарма төрағасы Бийболот Мамытов қатысты.
Қырғызстан Республикасы президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Tron желісінде 50 миллион USDKG токенін шығару және айналымға енгізу ресми түрде басталды. Әрбір токен 1 долларға тең және толығымен физикалық алтынмен қамтамасыз етілген.
USDKG - Қырғыз Республикасы толықтай қолдайтын алтынмен қамтамасыз етілген стейблкоин. Ашық, қауіпсіз және тұрақты сандық валюта ретінде жасалған USDKG алтынның беріктігін блокчейн технологиясының тиімділігімен біріктіреді.
- Бұл іске қосу Қырғызстанның жаһандық қаржы экожүйесіндегі орнын нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл блокчейн шешімдері арқылы мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдететін орталықсыздандырылған қызметтердің Web3 экожүйесінің инфрақұрылымын дамытудың негізін қалайды. USDKG капитал ағыны мен технологиялық серіктестік үшін жағдай жасау арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады, - делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Kazinform nеңгеге байланған алғашқы стейблкоинді қайдан алуға болатыны туралы хабарлаған болатын.