Қырғызстан Аралды құтқару жобасын қолдайды — Садыр Жапаров
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Республикасының президенті Садыр Жапаров Астанада өткен «Орталық Азия — Италия» саммитінде өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесін көтерді.

— Саммит қарым-қатынастың жаңа тарауын ашып отыр. Қырғызстан барлық халыққа пайда әкелетін және өңірлер арасындағы байланысты нығайтатын бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын, — деді Садыр Жапаров.
Қырғыз елі басшысы көтерген мәселенің бірі — су ресурстарын қорғау, үнемдеу бағытындағы ынтымақтастық. Садыр Жапаров Қырғызстанның Арал теңізін әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру жобасына қатысты Италия тарапының ұсынысын мұқият зерделеп жатқанын мәлім етті.
— Қырғызстан тарапы бұл жоба бойынша барлық өңір елдерінің, әсіресе олардың басым мүддесін ескере отырып, сындарлы ынтымақтастыққа дайын, — дейді ол.
Сондай-ақ Садыр Жапаров Қырғызстан тап болып отырған экологиялық қатерлерге назар аударды. Ол Ыстықкөлдегі су деңгейінің төмендеуін Арал апатымен теңестірді.
Осы орайда С. Жапаров Қырғызстанның экологиялық және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде Аралды құтқару жобасын іске асыруға дайын әрі ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, ол 2027 жылы Қырғызстанда «Бішкек+25» екінші жаһандық тау саммитін өткізу жоспарланып отырғанын еске салды.
Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев тоқыма, жүн-тері, тамақ өңдеу салаларын «ОА — Италия» форматындағы технологиялық кооперацияның басым бағыттарына қосуды ұсынды.
Бүгін елордада «Орталық Азия — Италия» бірінші саммиті өтті.
Айта кетейік, «Орталық Азия + Италия» саммитінің қорытынды декларациясы қабылданды.