Қырғызстан Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз үшін алаң ұсынуға дайын
БІШКЕК. KAZINFORM — Бұл туралы Армения Республикасына ресми сапары барысында Қырғызстан Жогорку Кенешінің спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Кенештің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент спикері қырғыз тарапы Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізуге күш салуды қолдайтынын атап өтті.
— Тиісті құжатқа жақын уақытта қол қойылады деп үміттенеміз. 1994 жылғы Бішкек хаттамасына қатысты тәжірибесі бар Қырғызстан екі ел арасындағы келіссөз үшін алаң ұсынуға дайын, — деді ол.
Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Ален Симонян Қырғызстанға Армения мен Әзербайжан арасында бітімгершілік шарт жасасу бойынша келіссөз алаңын қамтамасыз ету туралы ұсынысы үшін ризашылығын білдіріп, қырғыз тәжірибесін қайта пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ ол оң мысал ретінде Қырғызстанның Тәжікстанмен шекара мәселесін шешу тәжірибесін алға тартты.
Келіссөз барысында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Бұған дейін Әзербайжан 26 мамырда өткен «Ереван диалогі» конференциясында Армения премьер-министрінің сөйлеген сөзінен кейін оны қатаң сынға алғанын жазған болатынбыз.
Еске сала кетсек, наурыз айында Баку мен Ереван бейбіт келісім мәтіні бойынша келіссөзді аяқтады.