Қырғызстан балаларға энергетикалық сусын сатқандарға $600 айыппұл салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда 18 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатқандарға қомақты айыппұл салатын заң жобасы талқыланып жатыр.

Энергетикалық сусындар
Фото: istockphoto.com

Заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Құжатқа сәйкес, балаларға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салу барлық тарату арналарын қамтиды. Атап айтқанда, дүкендердегі, супермаркеттегі, кафедегі, бардағы, фудкорттардағы бөлшек сауда, онлайн сату, тамақ жеткізу қызметтері және курьерлік қызмет арқылы сатуға тыйым салынған. Ал сауда автоматтары арқылы сатуға толығымен тыйым салынады, себебі олар сатып алушының жасын растай алмайды.

Сатушылар мен курьерлер сатып алушының жасына күмәнданған жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттарды сұрауы керек.

Ұсынылып отырған айыппұлдар мөлшері:

  • Кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін жеке тұлғаларға 10 000 сом (51 500 теңге) және заңды тұлғаларға 35 000 сом (180 000 теңге);
  • Бір жыл ішінде қайталанса, 20 000 сом (103 000 теңге) және 55 000 сом (283 000 теңгеден астам);
  • Энергетикалық сусындарды сауда автоматтары арқылы сатқаны үшін жеке тұлғаларға 10 000 сом (51 500 теңге) және заңды тұлғаларға 35 000 сом (180 000 теңге).

Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған балаларға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынғаны туралы ескертпелер ілінбеген дүкендерге ескерту жасалады немесе жеке тұлғаларға 1 000 сом (5 000 теңгеден астам) және заңды тұлғаларға 5 000 сом (25 000 теңгеден астам) айыппұл салынады.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров үкіметке бір ай ішінде энергетикалық сусындарды өндіру мен импорттауға тыйым салуды қарастыруды тапсырған еді.