Қырғызстан қағаз экспортына уақытша тыйым салды

офисная бумага
Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров қалпына келтірілетін қағаз бен картонды ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге шығаруға (экспорт) уақытша тыйым салуды енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Кабар ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, қайта өңделген қағаз бен картонды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге әкетуге (экспорт) алты ай мерзімге уақытша тыйым салынады.

Қырғызстанның Экономика және сауда министрлігіне Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық комиссияны белгіленген тәртіппен уақытша тыйымның енгізілгені туралы хабардар ету тапсырылды.

Елдің Сыртқы істер министрлігіне осы қаулы күшіне енген күннен бастап үш күннен кешіктірмей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетін уақытша тыйымның енгізілгені туралы белгіленген тәртіппен хабардар ету тапсырылды.

Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кеден қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметіне тауарларды заңсыз әкетудің жолын кесуге бағытталған қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар