Қырғызстан кеден қызметінің бұрынғы басшысы Бакуден Бішкекке экстрадицияланды
БІШКЕК. KAZINFORM —Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Әзербайжан аумағында халықаралық іздеуде жүрген Қырғыз Республикасының мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовты ұстап, Бішкекке әкелді. Бұл туралы ҚР МҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қамауға алу 25 наурызда Әзербайжан Республикасының аумағында тиісті барлау қызметтерімен бірлесіп жасалды. Сондай-ақ, онымен бірге оның ағайындылары Тілек Матраимов, Руслан Матраимов, Исламбек Матраимовтар ұсталып, елге жеткізілді.
Райымбек Матраимов Қамшы Көлбаевпен (Қ. Асанбек) тығыз байланыста болып, кеден қызметі қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер арасынан қылмыстық топ құрғаны айтылды.
Райымбек Матраимовқа қатысты Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 169-бабы «Заңсыз бас бостандығынан айыру» және 222-бабы «Қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату)» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс материалдары бойынша тиісті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Райымбек Матраимовқа 26 қаңтарда іздеу жарияланып, оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 169-бабының 2,3-тармағы «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша айып тағылған болатын.