Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара мәселесін түпкілікті қашан шешеді
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасы мәселесі 2025 жылдың қаңтар айының соңына қарай шешіледі, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиевтің айтуынша, қазіргі кезде қырғыз-тәжік шекарасын сипаттауды аяқтаудың белсенді кезеңі жүріп жатыр.
— Шекараның бүкіл сызығы бойынша келісім жасалды, 50 шақырымдай жер қалды. Тәжікстанның шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы Бішкекте жүр. Қаңтар айының соңына дейін сипаттау жұмыстары аяқталады деп ойлаймын, - деді арнайы қызмет басшысы.
К.Ташиев Наурыз мерекесіне дейін Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері ратификацияға қол қойып, ноталар алмасады деген үмітін білдірді.
— Осылайша, екі мемлекет арасында мемлекеттік шекараны белгілеу бойынша барлық жұмыстар заңды түрде аяқталады, - деп қорытындылады Қырғыз Республикасы ҰҚМК төрағасы.
Бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекараны белгілеу жұмыстарын аяқтағанын жазған болатынбыз.