Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жөнінде келісті

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Кабар агенттігіне берген сұхбатында қырғыз-тәжік шекарасын реттеудің шарттары туралы баяндады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жөнінде келісті
Фото: Anadolu Ajansı

Мемлекет басшысының хабарлауынша, қырғыз-тәжік шекарасы мәселесі іс жүзінде шешілді. Қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеу бойынша екіжақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Жұмыстар аяқталғаннан кейін үкіметаралық комиссиялар, содан кейін сыртқы істер министрлері қол қояды. Осы процедуралардың барлығынан кейін келісімді екі елдің парламенттері ратификациялайды. Келесі кезекте құжатқа екі елдің президенттері қол қояды, одан кейін ноталармен алмасу өтеді. Шекараны анықтау жұмыстары тағы бір-екі жыл жалғасады, содан кейін ғана бұл процесс толығымен аяқталады. Ең бастысы, біз екіжақты келісімге келдік, - деп мәлімдеді президент.

Садыр Жапаровтың атап өтуінше, екі ел арасындағы шекаралық дауларды шешу кезінде екі тараптың да мүдделері ескеріледі.

- Біздің мың шақырымға жуық шекарамыз бар. Көптеген учаскеде даулы аумақтар болды. Кей жағдайларда бұл аймақтар тең шешілді. Сонымен қатар, үйлері шахмат үлгісінде орналасқан шекаралық ауылдар бар. Бұл мәселені де шештік. Әйтпесе, шекараны күзету екі жаққа да үлкен қолайсыздық тудырып отыр, - деп түсіндірді ол.

Президенттің айтуынша, мәселелер жердің әрбір метрін есепке ала отырып шешілген. Тәжік тарапы үйлері қырғыз жағына өтіп кеткен азаматтарын қоныстандырады. Қырғызстан да жер телімдерінің көлемін ескере отырып, басқа жерге үй салып, азаматтарын өз аумағына көшірмек.

Бұған дейін қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасы мәселесі 2025 жылдың қаңтар айының соңына қарай шешілетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар