Қырғызстан сарапшылары Қазақстан Президентінің Жолдауын талқылады

БІШКЕК. KAZINFORM – Бішкектегі Абай Құнанбайұлы атындағы мәдени орталықта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауына және қазақ-қырғыз ынтымақтастығын дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Қырғызстан сарапшылары Қазақстан Президентінің Жолдауын талқылады
Фото: Гүлмира Әбдірахманова

Іс-шараға Қырғызстанның қоғам және саяси қайраткерлері, қазақ диаспорасының өкілдері, сарапшылар мен медиа мамандары қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақов биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елде ауқымды конституциялық өзгерістер жүзеге асырылған кезеңде жарияланғанын атап өтті.

Дипломат кездесуге қатысушыларға стратегиялық құжаттың негізгі бағыттары туралы жан-жақты мәлімет берді.

Қырғызстан сарапшылары Қазақстан Президентінің Жолдауын талқылады
Фото: Гүлмира Әбдірахманова

Оның айтуынша, Жолдауда тәуелсіз елдің дамуына жаңа серпін беретін, соның ішінде инфрақұрылым мен құрылысты одан әрі дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, көлік пен логистика, инвестиция мен өнеркәсіп, білім беру және адами капиталды дамыту бағыттарындағы ауқымды міндеттер қамтылған.

Елші Қазақстанның жинақтаған әлеуетіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, ел тарихи дамудың жаңа кезеңіне осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып қадам басып отыр.

-Мемлекет басшысының Жолдауы жасанды интеллект пен Қазақстанда жинақталған барлық әлеуетті пайдалана отырып, ресурстық экономикадан жаңа мүмкіндіктер экономикасына көшуге серпін береді, – деді елші.

Мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі сарапшы Шерадил Бактыгулов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елдің келесі жылға арналған стратегиялық даму бағыттарын айқындайтын жыл сайынғы бағдар екенін атап өтті.

 Шерадил Бактыгулов
Фото: Гүлмира Әбдірахманова

-Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясатта, сыртқы экономикалық, гуманитарлық және әлеуметтік қызмет салаларында ұстанып отырған саясатының сабақтастығы мен тұрақтылығын көріп отырмыз. Қазір Қазақстан саяси құрылымы мен экономикасын түбегейлі өзгертіп, жаңару жолынан өтіп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қырғызстан мен Орталық Азия елдері үшін Қазақстанның қай бағытта дамып бара жатқанын түсіну маңызды, – деді сарапшы.

Бактыгуловтың пікірінше, Қазақстанмен ұзақ мерзімді әрі тиімді экономикалық ынтымақтастық орнату үшін Қырғызстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері елдің даму бағытын, алдағы экономикалық қызмет қандай қағидаттарға негізделетінін және Қазақстанда экономиканың қандай тетіктеріне басымдық берілетінін білуі қажет.

-Ең жақын көршілер ретінде мұны түсінуіміз керек. Әсіресе екіжақты экономикалық келісімдер жасасқан кезде бұл маңызды, – деп түйіндеді сарапшы.

Қырғызстан сарапшылары Қазақстан Президентінің Жолдауын талқылады
Фото: Гүлмира Әбдірахманова

Медиа сарапшы Семетей Аманбеков Жолдауда көптеген мемлекет естен шығарып алатын, бірақ маңызды ақиқаттың айтылғанына назар аударды.

-Жолдаудың саяси мәні – реформалардың нәтижесі енді әр азаматтың күнделікті өмірінде сезілуге тиіс. Бұл – бәріне белгілі ақиқат. Құжатта Қазақстан Президенті саяси институттар өзгергеннен кейін басты назар мектептерге, ауруханаларға, жолдарға, электр энергиясына және халықтың табысына аударылуы керектігін нақты айтады. Бұл мақсаттарға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінеді. Азаматтар реформаларды дәрігердің қолжетімділігіне, коммуналдық желілердің жай-күйіне, жұмыс орындарының болуына, сатып алу қабілеті мен жалақы деңгейіне қарап бағалайды. Саясат, экономика, энергетика, жасанды интеллект және цифрландырудың бәрі бір мақсатқа – адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы осыған дейін Мәскеуде талқыланды.