Қырғызстан шетелдіктерге суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда шетел азаматтарына жергілікті суррогат аналардың қызметін пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі АКИpress-ке сілтеме жасап.
Заң жобасының бастамашылары — Жогорку Кенеш спикерінің орынбасары Болот Ибрагимов пен депутат Чыңгыз Ажибаев.
Авторлардың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер әйелдер мен балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғауға, суррогат ана болуды коммерцияландырудың алдын алуға және бұл қызметті Қырғызстан азаматтарының пайдалануына құқықтық жағдай жасауға бағытталған. Бастаманың тағы бір себебі ретінде елдегі демографиялық ахуалдың нашарлауы аталды.
Қырғызстанда суррогат ана қызметі 2005 жылдан бері қолданыста. Заң жобасының авторлары бұқаралық ақпарат құралдарына келісімшартта көрсетілген қаражаттың төленбеуіне және денсаулығының нашарлауына шағымданған әйелдердің жүгінген жағдайлары болғанын атап өтті. Бұл ретте деректердің құпиялылығына байланысты суррогат ана қызметін пайдалану жағдайларына қатысты нақты статистика жоқ.
Ұсынылып отырған нормаға сәйкес, Қырғызстанда суррогат ана болу туралы келісімшартты тек Қырғызстан азаматтары жасай алады. Сонымен қатар шетел азаматымен ресми некеде тұрған Қырғызстан азаматы бұл қызметті пайдалана алады.
Бұған дейін Қазақстан Президенті «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Енді суррогат ана қызметіне тапсырыс берушілер тек некеде тұрған Қазақстан азаматтары бола алады.