Қырғызстан студенттеріне басқа өңірлерде білім алғаны үшін қаржылай қолдау көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда студенттердің өңіраралық академиялық ұтқырлығын енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.
Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрлігі 2026-2031 жылдарға арналған студенттердің басқа өңірлерде білім алуын қолдау бағдарламасының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжатқа сәйкес, бағдарламаға қатысу үшін мемлекеттік білім гранттарын бөлу 2027-2028 оқу жылынан басталады. Бұл үшін бөлінетін мемлекеттік гранттардың жалпы санының 40 пайызы қарастырылмақ.
Студенттің үлгеріміне қарамастан, бағдарламаға қатысатын әр студентке жылына 43 мың сом төленеді. Оның 25 мыңы 10 айға есептелген ай сайынғы 2,5 мың сом шәкіртақыға, 18 мыңы ел ішіндегі төрт әуе рейсінің билетіне жұмсалады. Әр рейске 4,5 мың сомнан қарастырылған.
2027-2031 жылдары өңірлердегі студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де шешімін табады. Осы кезеңде 24 720 орынға арналған студенттер жатақханасы салынып, қолданыстағы нысандар жаңартылады. Бұған шамамен 25,6 млрд сомнан астам қаржы жұмсалады. Қазір Қырғызстандағы жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында 230 мыңнан астам студент оқиды. Олардың небәрі 10 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.
Бағдарлама өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып, студенттерге қолайлы мәдени, спорттық және демалыс ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Бағдарлама бес жылға есептелген.
Бұған дейін Қырғызстанда оқушылар мен студенттерді театр мен музейге баруға міндеттеу ұсынылғаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина