Қырғызстан Тәжікстанмен шекарада қоршау орнатуды аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі қырғыз-тәжік шекарасының Баткен облысынан өтетін бөлігінде ауқымды инженерлік жұмыстарды аяқтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметі бойынша, 2025-2026 жылдары Баткен және Лейлек аудандарында 327,7 км-ден астам шекара қоршаулары орнатылды, ал 338,5 км дала жолдары салынды.
Мемлекеттік шекараны инженерлік жабдықтауда әртүрлі қоршаулар қолданылды. Шекара өтетін аумақтардың жер бедері мен жағдайларына байланысты әртүрлі құрылымдар таңдалды.
Ведомствоның мәліметінше, шекара жазық және таулы, биік таулы және шалғай аудандардан өтеді. Тік беткейлер секілді қиын жер бедерлері құрылыс материалдары мен жабдықтарын жеткізуді қиындатты.
— Мемлекеттік шекара қызметімен қатар, қорғаныс, төтенше жағдайлар, ішкі істер министрліктерінің және Мемлекеттік кеден қызметінің бөлімшелері жұмысқа тартылды. Мемлекеттік органдардың үйлесімді ынтымақтастығының арқасында шекараның ең күрделі және жету қиын учаскелерінде де ауқымды инженерлік жұмыстар еңсерілді. Құрылыс кезеңінде орнатылған қоршаулардың сапасы мен техникалық талаптардың сақталуы үздіксіз бақылауда болды, — делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурызында Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара бойынша келісімге келді.