Қырғызстанда алғаш рет ұшақ бортында сән көрсетілімі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда алғаш рет бірегей мәдени жоба жүзеге асырылды. Сән көрсетілімі Бішкек–Қарақол бағытындағы ұшақ бортында өтті. Бұл туралы Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі хабарлады, деп жазады Кабар.
Көрсетілімнің негізгі бөлігінде қырғызстандық танымал дизайнердің авторлық топтамасы ұсынылды.
Дизайнер ұзақ жылдар бойы қырғыздың дәстүрлі ою-өрнектері мен этникалық элементтерін заманауи стильде үйлестіріп, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттап келеді.
Сән көрсетілімі тікелей ұшу барысында өтті: модельдер ұшақ салонында жүріп, топтаманы таныстырды. Іс-шараға кәсіби модельдермен қатар танымал блогерлер мен әртістер қатысты. Жобаның ерекшелігі – оның тосын форматы болды, өйткені кейбір жолаушылар үшін көрсетілім күтпеген сыйға айналды.
Жобаның идеологы әрі бастамашысы — режиссер, Қырғыз Республикасының мәдениет саласының үздігі Олеся Семикоз.

Айта кетейік, бұл жоба тек Қырғызстанда ғана емес, бүкіл өңірде алғаш рет жүзеге асырылып, елдің креативті индустрияларының әлеуетін көрсетті.
Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстанда жолдар мен қоғамдық орындардағы қайыр сұраушылықпен күресуге, сондай-ақ осал топтарды осындай әрекеттерге тартудан қорғауға бағытталған заңға қол қойылды.