Қырғызстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау артты
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан заңнамасына «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымы енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2024 жылғы 4 желтоқсанда ел Парламенті қабылдаған «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау туралы» Қырғыз Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды.
Құжат әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдауды күшейту, соның ішінде қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және Қырғызстан экономикасында әйелдерді жұмыспен қамту деңгейін арттыруға жағдай жасауға бағытталған.
«Әйелдер кәсіпкерлігі» термині енгізілді, оған кәсіпкерлік қызметпен айналысатын келесі субъектілер кіреді:
* жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін әйел;
* коммерциялық қызметті жүзеге асыратын және Қырғызстанда тіркелген, акцияларының немесе үлестерінің кемінде 51% әйелдікі (әйелдердікі) және штаттағы әйел қызметкерлердің үлесі кемінде 51%-ды құрайтын заңды тұлға.
Еске сала кетсек, былтыр Қырғызстан елде экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауды күшейтті.