Қырғызстанда баламалы әскери қызметке төленетін жарна мөлшері көбеюі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Қорғаныс министрлігі әскери және баламалы қызметті реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын көпшілік талқылауына шығарды, деп хабарлайды Кабар.

Заң жобасының мақсаты — баламалы әскери қызмет пен мобилизациялық дайындыққа қатысты төлемдердің мөлшерін қайта қарау және оны қазіргі экономикалық өсім, инфляция мен статистикалық деректерге сай жаңарту.
Жоба шеңберінде мерзімді әскери қызметті баламалы қызметпен алмастырғаны немесе мобилизациялық жиындардан өткені үшін төленетін төлемдерге негіз болатын есептік көрсеткіштерді арттыру ұсынылған.
Жаңа төлем мөлшерлері:
-
Отбасылық жағдайына байланысты босатылғандар үшін – 18 000 сомнан 25 000 сомға дейін;
-
Денсаулық жағдайына байланысты босатылғандар үшін – 25 000 сомнан 40 000 сомға дейін;
-
Діни ұйым мүшелері және қоғамдық жұмыс атқарғысы келетіндер үшін – 25 000 сомнан 50 000 сомға дейін;
-
22-40 жас аралығындағы мобилизациялық жиыннан өтуді қалайтындар үшін – 50 000 сомнан 75 000 сомға дейін;
-
Жоғары білімді әскери міндеттілер (офицерлік резерв дайындығынан өту) – 70 000 сомнан 90 000 сомға дейін.
Соңғы рет төлем мөлшері 2017 жылы қайта қаралған болатын. Ол кезде Қырғызстандағы орташа жалақы 14 300 сомды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 35 791 сомға жетіп отыр – яғни екі еседен аса өсім байқалады. Заң жобасы осы өзгерістерге сай төлемдерді бейімдеуді көздейді.
Сонымен қатар әскери есепке тұру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды арттыру ұсынылады:
- әскери билет жоғалту немесе бүлдіру;
- деректерді уақытында жаңартпау;
- мобилизация заңнамасын бұзу.
- Құқық бұзушыларға қатысты санкция таңдауда лауазымды тұлғаларға берілетін еркіндік алынып тасталады — бұл коррупциялық тәуекелдерді төмендету үшін қажет.
Қырғызстанда баламалы әскери қызмет 1993 жылдан бері заңды түрде енгізілген. Ол әскери қызметті діни сенімдерге, денсаулық жағдайына, отбасылық себептерге немесе қоғамға пайдалы еңбекке араласу ниетіне байланысты алмастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа заң жобасы Үкімет тапсырмасымен әзірленіп, әскери міндеттілік саласында ашықтықты, әділеттілікті және қаржылық теңгерімді арттыруды көздейді.
Осыған дейін Қырғызстанда есірткіге байланысты қылмыстар үшін жаза қатаңдатылғаны анықталды.