Қырғызстанда билікті басып алуға дайындалған 7 күдікті қамауға алынды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда билікті басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған 7 адам қамауға алынды.
Қырғызстан Ішкі істер министрлігі билікті күшпен басып алу үшін жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болған күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, бұл ұйымдасқан топ жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, билікті күшпен басып алу мақсатында құрылған.
– Бішкек төңірегінде спорттық ойындар мен басқа да жарыстар өткізу жоспарланған болатын. Ұлттық спорт ойындарын өткіземіз деген сылтаумен олар 2024 жылғы 17 қарашада өтетін жергілікті кеңес сайлауы күні күш көрсетуге үндеп, конституцияға қайшы шақыруларды насихаттап, кейіннен билікті күшпен басып алу арқылы жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген, – делінген Ішкі істер министрлігі мәлімдемесінде.
Осы жағдайға байланысты жиналған материалдар негізінде Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 36-278-бабы, 1-бөлігі бойынша жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға дайындалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында бұл топтың 7 мүшесі тұтқындалды. Олардың арасында Қырғызстанда туғандармен қатар шетелдіктер де бар.
Тергеу барысында аталған топқа тиесілі қоймадан 1000 бөтелке арақ, 2000 бөтелке минералды су, 1 тонна күріш, 1 союға арналған жылқы, жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға ас дайындайтын өнімдер тәркіленген.