Қырғызстанда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновты еске алды

АСТАНА. KAZINFORM —  Бішкектегі Жас гвардия бульварында Жеңістің 80 жылдығына орай 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысқан, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

п
Фото: Видеодан алынған скрин

Аңызға айналған қазақстандық ұшқышты және Ұлы Отан соғысында қаза тапқан барлық жауынгерлерді еске алуға Қырғыз Республикасындағы қазақтар қауымдастығының мүшелері, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасылары қатысты.

Іс-шараға қатысушылар еске алу рәсімінің маңызын ерекше атап өтті. Гүл шоқтарын қою — Отан үшін жанын қиған жауынгерлерге деген құрмет пен тағзым белгісі.

Айта кетейік, Талғат Бигелдиновты Қырғызстанмен балалық шағы мен жастық кезі байланыстырады. Ол Бішкекте 16 жасында аэроклубқа қабылданған. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Балашов әскери ұшқыштар мектебіне түскен. Кейін Чкалов әскери авиация училищесіне ауысып, оны 1942 жылы аяқтады.

Аға лейтенант Талғат Бигелдиновке 1944 жылдың қазанында майдан мен тылдағы ерлігі, жау ұшағын жеке өзі атып түсіруі және жауынгерлік шеберлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1945 жылдың 27 маусымында Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау және Берлин қалалары үшін шайқастарда қарсылас әскерлері мен техникасын шабуылдаудағы ерлігі мен эскадрильяны шебер басқарғаны үшін ол екінші рет Кеңес Одағының Батыры атанды.

Бұған дейін Бельгияда да қазақстандық майдангерлерді еске алу рәсімі өткен болатын.

Сондай-ақ, Вашингтонда Эльба өзеніндегі кеңес және америкалық әскерлердің кездесуіне орай гүл шоқтары қойылды.

Соңғы жаңалықтар