Қырғызстанда электр энергиясын үнемдеу үшін мемлекеттік қызметкерлерден галстук тағу талабы алынады

БІШКЕК. KAZINORM – Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев мемлекеттік қызметкерлерге арналған жаңа дресс-код енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстанда электр энергиясын үнемдеу үшін мемлекеттік қызметкерлерден галстук тағу талабы алынады
Фото: Freepik

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік орган қызметкерлері костюмдер мен галстуктардан бас тартып, жейде киюі керек. Бұл шешім мемлекеттік мекемелерде кондиционерлерді пайдалануды қысқартуға және энергияны үнемдеуге септігін тигізеді. 

— Ыстық күндер басталғанда біз костюм киіп жұмыс істейміз және кондиционерлерді қосамыз. Егер тек жейде кисек, кондиционер қосудың қажеті жоқ. Біз электр энергиясын үнемдеуіміз керек. Ертеңнен бастап Министрлер кабинетінің қаулысы толық орындалуы тиіс, — деді Адылбек Қасымалиев. 

Премьер-министр Жапонияның табысты тәжірибесін мысалға келтірді, онда ұқсас шаралар электр желісіне жүктемені азайту арқылы миллиардтаған иенді үнемдеуге мүмкіндік берді. 
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қырғызстанда энергетика секторында төтенше жағдай режимі енгізілді. 

2025 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан энергетика министрі Таалайбек Ибраев алдағы қыстың аса күрделі болатынын ескертіп, халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды. 


2025 жылғы қарашада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Энергетика министрлігіне электр энергиясына шектеусіз тариф қолдануды тоқтатуды тапсырды. 

Ел мектептерінде энергияны үнемдеу шаралары енгізілді. 

Ал Бішкекте мейрамханалар, барлар мен клубтар кешкі сағат 22:00–ден кейін жабылады. 

Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығына не себеп болғанын мына материалдан оқи аласыз.