Қырғызстанда қаржы пирамидасын құрғандарға 12 жылға дейін жаза қолдану ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда қаржы пирамидасын және алаяқтық инвестициялық схемаларды ұйымдастырғаны, басқарғаны және жарнамалағаны үшін жазаны қатаңдату жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Тиісті заңнамалық түзетулер қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатта мынадай жаза түрлері қарастырылған:
* Қаржы пирамидасын немесе алаяқтық инвестициялық схеманы құрғаны және басқарғаны, сондай-ақ ақша тартуға бағытталған оқыту семинарларын, вебинарларды, курстар мен марафондарды лицензиясыз ұйымдастырғаны үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
* Қаржы пирамидасын немесе алаяқтық инвестициялық схеманы БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және жеке аккаунттар арқылы көпшілікке жарнамалап, ірі көлемде залал келтіргендерге 300 мыңнан 500 мың сомға дейін (1,5–2,5 млн теңге) айыппұл салу немесе 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылады. Сонымен қатар екі жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу көзделген.
* Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы интернет-технологияларды пайдаланып, аса ірі көлемде залал келтірген жағдайда, мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынады.
* Құқықбұзушылықты ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында жасағандарға мүлкін тәркілеу және үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан 12 жылға дейін.
Сондай-ақ қылмыс заты ретінде ақша қаражаты мен өзге де мүлікпен қатар виртуалды активтер де қарастырылады.
Заңнамалық түзетулерге сәйкес, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және қадағалау қызметіне күмәнді қаржылық операцияларды тоқтата тұруға және құқықбұзушылардың интернет-ресурстарын сот шешімінсіз 48 сағатқа дейін бұғаттауға өкілеттік беру көзделген.
Қырғызстан Бас прокуратурасының дерегінше, 2026 жылдың тоғыз айында интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын 337,5 млн сомнан асқан. Тергеу барысында жәбірленушілерге осы соманың тек 8,9 млн сомы немесе 2,6 пайызы ғана қайтарылған.
Бұған дейін Қырғызстанда жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғаны үшін айыппұл енгізілгені хабарланған болатын.