Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды

АСТАНА. KAZINFORM - 15-18 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында Қазақстан медицинасы күндері өтеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басспасөз қызметі.

Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Іс-шара шеңберінде практикалық денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде кардиология, онкология, акушерия және гинекология, педиатрия мен травматология бағыттарында, сондай-ақ ғылыми әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасу жоспарланған.

 Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

-Қазақстан медицинасы күндері – дәрігерлердің нақты жұмысы арқылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұндай өзара іс-қимыл кәсіби байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы денсаулық сақтау саласындағы дәстүрлі әрі тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, делегация басшысы Манас Рамазанов.

 Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Алғашқы күннен бастап қазақстандық дәрігерлер шалғай елді мекендердің тұрғындарына консультациялар жүргізіп, медициналық тексерулерден өткізіп жатыр.

Іс-шараның бірінші күнінде 16 қазақстандық маман Васильевка және Хун-Чи ауылдарының тұрғындарын қабылдай бастады. Тұрғындарды тексеру үшін Алматы облысы Қырғызстанға заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған үш жылжымалы медициналық кешен жіберді.

 Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

-Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндерінің өткізілуі денсаулық сақтау саласындағы достас мемлекеттердің арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін 50-ден астам ақпараттық жүйемен біріктірілген медициналық деректер қоймасы құрылды.