Қырғызстанда қоқыс тастағаны және өртегені үшін жауапкершілік күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 16 қыркүйекте Жогорку Кенеш отырысында «Қырғыз Республикасының Құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы үшінші оқылымда қабылданды. Бұл туралы Жогорку Кенештің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Кабар.

Қырғызстанда қоқыс тастағаны және өртегені үшін жауапкершілік күшейтіледі
Фото: pixabay

Заң жобасының бастамашысы — депутат Дастан Бекешев.

Құжат елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзғаны, қоқысты белгіленбеген жерге тастағаны, жинағаны немесе өртегені, сондай-ақ су шаруашылығы нысандарына зиян келтіргені үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар құқық бұзушыларға айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыстарға тарту мүмкіндігін енгізу ұсынылады.

Бұдан бөлек, депутаттар Премьер-министрлер кабинетінің төрағасы бастамашы болған «Қырғыз Республикасының Құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасы Құқық бұзушылықтар туралы кодексті Қырғыз Республикасының Цифрлық кодексіне сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Ұсынылған өзгерістер терминологияны жаңартуды, қайталанатын нормаларды алып тастауды және кодекстің жекелеген ережелерін Цифрлық кодекстің дербес деректерді өңдеу және қорғауды реттейтін 11-тарауына сәйкестендіруді көздейді.

Сонымен қатар отырыста екінші оқылымда «Азаматтық хал актілері туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып, қабылданды.

Заң жобасы құқықтық олқылықтарды жоюға, азаматтарға өз мүлкін еркін басқару мүмкіндігін беруге, сондай-ақ өсиет бойынша мұра қалдыруға қатысты конституциялық құқықты іске асыруға бағытталған. Ұсынылып отырған норма бойынша мүлікті жақын туысы болып саналмайтын адамдарға да өсиет етуге мүмкіндік беріледі.

Заң жобасының бастамашылары — депутаттар Темирлан Айтиев, Айсаракан Абдибаева, Бекмурза Эргешов, Жаныбек Аматов, Умбеталы Кыдыралиев, Махабат Мавлянова, Токтобүбү Ашымбаева, Бактыяр Калпаев, Джайлообай Нышанов, Гульнара Акимбаева, Азамжан Джалилов, Карим Ханджеза, Бекмырза Чолпонбай уулу және Эркеайым Сейтказиева.

Бұдан бөлек, заң жобасы «Азаматтық хал актілері туралы» заңның 9-бабын толықтырып, нотариус куәландырған өсиетті ұсынған адамдарға қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесін алу құқығын беруді көздейді.

Осыған дейін Қырғызстан құрылыс материалдарының бірқатар түріне уақытша тыйым енгізгенін жазғанбыз.