Қырғызстанда қорықтар мен жағалауларда квадроцикл жүргізуге тыйым салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен су айдындарының жағалауындағы аймақтарда квадроциклдерді пайдалануға тыйым салуды ұсынып отыр.

квадроцикл
Фото: pixabay.com

Кабар таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл бастама тиісті қаулы жобасы арқылы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Қаулы күшіне енген жағдайда, квадроциклдердің қорықтарда, саябақ жағажайларында және су қорғау аймақтарында қозғалуына тыйым салынады.

Тек қызметтік, іздестіру-құтқару және өрт сөндіру жұмыстарына немесе министрлікпен келісілген іс-шараларға ғана рұқсат беріледі.

Министрліктің мәліметінше, соңғы жылдары квадроциклдердің туристік және ойын-сауық мақсатында шамадан тыс қолданылуы табиғи ортаға үлкен зиян келтіріп отыр.

Бұл көлік құралдары топырақтың бұзылуына, өсімдіктердің жойылуына, су айдындарының ластануына, сондай-ақ жануарлар мен құстардың тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр.

Сонымен қатар, таулы және далалық аймақтардағы осал экожүйелерге квадроциклдер орны толмас залал келтіріп, табиғи қалпына келу үдерісін ондаған жылдарға тежейді.

Су маңындағы қозғалыс су сапасының нашарлауына, жағалаулардың шайылуына және уытты заттардың су экожүйесіне таралуына себеп болуы мүмкін.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қырғызстанда 1 миллион 778 мың 901 көлік құралы тіркелген.