Қырғызстанда Көшпенділер ойындарының 700 волонтері арнайы киіммен қамтылды
АСТАНА. KAZINFORM — 25 тамызда Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының волонтерлеріне 700 арнайы киім жиынтығын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады Кабар ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, волонтерлерге арналған арнайы киім Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының хатшылығымен бірлесіп әзірленген.
Рәсімде министрдің бірінші орынбасары Союзбек Надырбеков сөз сөйлеп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруда волонтерлердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Оның айтуынша, волонтерлер шетелдік қонақтар мен Ойындарға қатысушыларды алғашқылардың бірі болып қарсы алады. Осы арқылы олар Қырғызстан туралы алғашқы жағымды әсер қалыптастыруға елеулі үлес қосады.
Сөз соңында Надырбеков Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға атсалысып жатқан барлық тараптар мен серіктестерге алғыс айтып, волонтерлерге зор денсаулық, күш-қуат, табыс және көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында өтеді. Ойындарға әлемнің әр түкпірінен спортшылар, мәдениет өкілдері, қонақтар мен туристер қатысады.
Осыған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Моңғолиядан 135 спортшы мен жаттықтырушы қатысатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жарыстары жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі.
Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына көрермендерді 300 автобус тегін жеткізетіні айтылды.
Бұдан бөлек VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кіру құны белгілі болды.