Қырғызстанда қуаты 15 МВт болатын қалқымалы күн электр станциясы салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан Энергетика министрлігі ГЭС-5 су электр станциясының су қоймасында қуаты 15 МВт болатын қалқымалы күн электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Кабар агенттігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, жоба Азия даму банкімен (АДБ) жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жоба бойынша кеңесшіні іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азия даму банкінің CSRN порталында жарияланған тендерге түрлі елден 22 компания өтінім берген. Алдын ала іріктеу нәтижесінде олардың алтауы өз ұсыныстарын ұсынуға шақырылған.
Айта кетейік, ГЭС-5 қалқымалы күн электр станциясын пайдалану тәжірибесіне ие. Мұнда қуаты 0,1 МВт болатын пилоттық фотоэлектр станциясы 2024 жылғы 1 наурызда іске қосылған.
Ол 2024 жылы 133,9 мың кВт/сағат, 2025 жылы 141,1 мың кВт/сағат электр энергиясын өндірген. Ал 2026 жылдың алғашқы он айында 132,5 мың кВт/сағат электр энергиясы өндірілді.
– Күн панельдерін су бетіне орналастыру жер ресурстарын үнемдеуге, судың булануын азайтуға және су электр станцияларының қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда әлемдегі ең ұзын аспалы шыны көпір салынатынын жаздық.