Қырғызстанда мал экспортына уақытша тыйым салынды
БІШКЕК. KAZINFORM – Елде ауылшаруашылық жануарларын әкетуге рұқсат беру тоқтатылды.

Қырғызстан Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, 31 қаңтардан бастап ведомствоға қарасты ветеринарлық қызмет ірі қара, ұсақ малды, сондай-ақ жылқы малын үшінші елдерге экспорттауға рұқсат беруді тоқтатты.
- 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін берілген рұқсаттар барлық тексерулер аяқталғанша және нормативтік құқықтық базаға өзгерістер енгізілгенге дейін уақытша тоқтатылды. Рұқсат беру процесінің қайта жанданғаны туралы қосымша хабарланады, - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан «Жануарларды сәйкестендіру және қадағалау» жүйесінде ауылшаруашылық жануарларын сәйкестендіруді түгендеуге байланысты мал экспортын уақытша тоқтатқан болатын.