Қырғызстанда мас жүргізуші көлікті суға құлатып, 6 бала көз жұмды

жүргізуші
Фото: 24.kg

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда көлік тоғанға құлап, салондағы сегіз баланың алтауы суға батып кетті, деп жазады 24.kg.

Оқиға кеше, 20 маусым кешке Қара Балта ауылы маңында болған. Volkswagen Jetta жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдан шығып тоғанға құлаған. 

Көлікте үш ересек пен сегіз бала болған. Төрт пен тоғыз жас аралығындағы алты бала суға батып кетті. Олардың бәрі — бір отбасының мүшелері.

Қара Балтаның 40 жастағы тұрғыны әйелі және төрт баласымен бірге № 3 тоғанға демалуға келген. Олардың жанында ер адамның әпкесі және оның төрт баласы — бас-аяғы үш ересек және сегіз бала болған. 

Демалыстан қайтып келе жатқанда жүргізуші көлік руліне ие бола алмай, суға құлайды. Көлік жүргізген адам мас болған.    

Жүргізуші, оның әйелі, үш айлық қызы, ер адамның әпкесі және оның жеті жасар қызы аман қалды. Олар ауруханаға жеткізілді.

Сот-құқықтық сараптама тағайындалды. Тергеу аясында жүргізуші ұсталды.

Шу облысының ішкі істер басқармасы жүргізушінің балаларды «шомылуға болмайды» деген белгісі бар жерге әкеліп, онымен қоймай мас болып көлікке отырғанын, осы жағдай олардың өліміне әкелгенін хабарлады.  

Ер адам қамауда отыр. Тергеу жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар