Қырғызстанда екі күндік халық құрылтайы басталды
Бішкекте Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың қатысуымен екі күндік Халық құрылтайы басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Оған 700 делегат қатысып жатыр, олардың қатарында республиканың барлық облыстарынан - 640 адам, түрлі этностық топтардан - 30, шетелдік еңбек мигранттарынан - 30 делегат, сондай-ақ, Жогорку Кенеш депутаттары, министрлер кабинетінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысуда.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров екінші халық құрылтайына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, құрылтайдың ашықтық пен жауапкершілік қамтамасыз етуде және әрбір азаматтың мемлекет дамуына атсалысуына мүмкіндік беретін мықты құрал ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
- Халықтық құрылтай – мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін қуатты құрал. Халықтық құрылтай көзқарастар мен пікірлердің алуандығына байланысты мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді талқылауға және реформаларды ілгерілету бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Халық құрылтайының диалог құралы ретіндегі тиімділігі биліктің көтерілген мәселелер мен онда айтылған пікірлерге қаншалықты назар аударатынымен байланысты.
Бүгінгі жалпыұлттық жиынға барлық әкімшілік аудандар мен қалалардың, конфессиялық ұйымдар мен еңбек мигранттары, халық арасынан конкурстық негізде іріктеліп алынған, қоғам өміріндегі мәселелермен таныс, оларды шешу жолында өзіндік көзқарасы бар тұлғалар қатысып жатыр деп ойлаймын.
Осы сәтті пайдалана отырып, Халық құрылтайына елдің дамуына үлес қосып, ой-пікірімен бөлісу ниетімен сырттан келген қандастарыма құрмет пен алғыс айтқым келеді. Құрылтайдың рөлі мен орнына салмақты мән беру – демократиямыздың талабы. Бұл әрбір азаматтың мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қатысуына мүмкіндік беретін механизм. Бұл механизм жылдар өткен сайын жетілдіріледі деп сенемін. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, халқымыздың үні естілетін маңызды институтты пайдалана бастағанымызды мақтан тұтамын», – деді Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров.
Қырғызстан басшысы өткен жылы қабылданған Халықтық құрылтай қарары бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. 3182 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспарының 68-і сот-құқықтық, 1548-і әлеуметтік-экономикалық, 313-і жер, 1253-і түрлі экономикалық мәселелерге қатысты болды. Оның 358-і орындалғанын, 2200-і орындалу сатысында, 523-і белгіленген мерзімде орындалмағаны атап өтілді.
Ош облысы, Қара-Су ауданы, Қызыл-Қыштақ аудандық аймағынан келген делегат Ділмұрад Рахманов тілшіге берген сұхбатында өзекті мәселелерді көтеріп отырған бұл жиынға екінші жыл қатарынан қатысып отырғанын айтты. Оның ойынша, бұл шара халық пен мемлекет басшысы арасындағы байланысты жақындататын құрал. Ол өз округінің тұрғындары атынан жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді көтеруді жоспарлап отыр.
- Құрылтайда бұрынғы Тюлюкен ауруханасының базасында терапия бөлімі мен балалар бөлімшесін салуға қатысты түйткілді мәселелерді айтуды жоспарлап отырмын. Ауданымыздағы халық саны 50 мың адамды құрайды, сәйкесінше науқастар саны да көп. Екінші мәселе, демографиялық өсімді ескере отырып, алдағы уақытта ауданда қосымша мектептер салу. Құрылыс компанияларын көпқабатты үйлерден бөлек коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымдар салуды міндеттеп, мәселені жергілікті билікке қалдырмау керек. Жыл санап оқу орындарындағы орын тапшылығы күшейіп келе жатқан Сура-таш, Коммунист, Андижан, Ишкаван ауылдарында мектеп салу қажет. Үшінші мәселе елдегі әкімшілік-аумақтық реформаға қатысты, Қызыл-Қыштақ ауылдық кеңесінің халқы Ош қаласының құрамына кіруден бас тартты. Осыған байланысты олар президенттен халықтың пікіріне мән беріп, тұрғындар үшін шешім қабылдамауын сұрайды. Ош қаласына қосылған жағдайда облыс халқы жер учаскелерінен айырылып қалудан, сондай-ақ өз аймағының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бюджеттік қаражатты жеткіліксіз алудан қорқады. Халықтың қорқынышын дұрыс түсініп, саяси қысымсыз бірлесіп шешу керек», - деп түйіндеді сөзін делегат.
Сондай-ақ Д.Рахманов бұл кездесудің нәтижесі мемлекеттік органдардың әрекетіне байланысты болатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстандағы Халық құрылтайы 15-16 желтоқсан күндері өтеді, екінші күннің қорытындысы бойынша қарар қабылдау жоспарлануда.