Қырғызстанда мемлекеттік қызметшілерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санатына негізгі қызметінен бөлек, өз кәсіби бағыты бойынша қосымша ақыға жұмыс істеуге рұқсат берілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Президенттің тиісті жарлығына өзгерістер енгізілді.
Бұл ереже саяси мемлекеттік, арнаулы мемлекеттік және саяси муниципалдық лауазымдарды атқаратын тұлғаларға қолданылады.
Жарлыққа сәйкес, лауазымды тұлғаларға тиісті кәсіби саласы бойынша білім беру, сарапшылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Бұл жұмысы заңнамада тыйым салынбаған қаражат көздерінен төленіп, оған лауазымды тұлғаны қызметке тағайындаған адамның келісімі берілуге тиіс. Мұндай қызмет негізгі жұмыстың көлемі мен сапасына кері әсер етпеуге және мүдделер қақтығысына жол бермеуге тиіс.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге денсаулық сақтау, білім беру, қайырымдылық және волонтерлік салаларда қоғамдық пайдалы қызмет атқаратын қоғамдық бірлестіктердің жұмысына қатысуға рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшіні еңбек демалысынан мерзімінен бұрын тек оның телефоны арқылы, цифрлық немесе өзге де байланыс арналары арқылы берілген келісімімен ғана шақыртып алуға болады.
Бұған дейін Қырғызстанда жалақы инфляцияға қарай өсетіні хабарланған болатын.