Қырғызстанда мешіт пен шіркеу құрылысын реттейтін тетік енгізу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның елді мекендеріндегі діни нысандардың санына шектеу қою ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қырғыз Республикасының Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы тиісті қаулыны қоғамдық талқылауға ұсынды.
Құжатты әзірлеушілердің айтуынша, Қырғызстанда мешіттер, намазханалар мен шіркеулердің жаппай және ретсіз салынып жатыр.
— Діни нысандар халықтың нақты қажеттілігі ескерілместен салынып жатыр. Көп жағдайда бір елді мекеннің өзінде бір-біріне жақын орналасқан 10-ға дейін діни нысан жұмыс істеп тұруы мүмкін. Осыған байланысты елді мекендерде діни мақсаттағы нысандардың шекті санын белгілеу қажеттілігі туындап отыр, — делінген құжатта.
Мұндай ғимараттар мен құрылыстарды жобалау кезінде келесі талаптарды ескеру ұсынылады:
ауылдарда бір діни нысаннан екіншісіне дейінгі арақашықтық кемінде 2 шақырым болуы тиіс;
аймақтық ауылдық округтерде — кемінде 3 шақырым;
қалаларда — кемінде 4 шақырым.
Бұл қаулы бұрын салынған діни нысандарға қолданылмайды.
Осы жылдың қаңтар айында Қырғыз Республикасында дін туралы заң қабылданған болатын. Бұған дейін зираттарда ескерткіштер мен мемориалдық белгілер орнату ережелері әзірленген.
Айта кетелік Қырғызстандағы қонақүйлер мен демалыс орындары жұлдызына қарай бағаланады.